Арыс қаласында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында бекітілген апталық жоспардың «Қоғамға қызмет ету» бағыты бойынша мобильді топтың тұрғындармен кездесуі ұйымдастырылды.
Кездесудің басты мақсаты – құқықтық мәдениетті арттыру, тұрғындарға заң талаптарын түсіндіру және құқықбұзушылықтың алдын алу.
Іс-шараға Арыс ауданы прокурорының орынбасары Темур Әбдірахманов, аудан прокуратурасының прокуроры Қуаныш Анарбай, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілі Мұрат Садық, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Шыңғыс Мұсаев, сондай-ақ Полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Жамиля Нұржігітова қатысты.
Кездесу барысында Шыңғыс Мұсаев интернет алаяқтықтың қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналғанын атап өтті. Ол тұрғындарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге және қаржылық операциялар кезінде сақ болуға шақырды.
Сонымен қатар соңғы уақытта жиілеген «дроппер» схемасы туралы кеңінен түсіндіріп, азаматтардың алаяқтардың құралына айналмауы үшін қандай сақтық шараларын ұстануы керектігін нақты мысалдар арқылы баяндады.
Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, заң талаптарын сақтау мен құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызын түсіндірді.
