дереккөз фото Түркестан облысының әкімдігі
Төлеби ауданына қарасты Аққұм ауылында «Мұхит Әлі» атындағы жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Ел қуанышына айналған шараға аудан тұрғындарымен қатар Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларынан арнайы келген қонақтар қатысты.
Спорт кешені мемлекет және қоғам қайраткері Мұхит Оралбайұлы Әлінің есімімен аталды. Ол еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі қызметтерінде ел дамуына елеулі үлес қосты.
Туған жеріне жанашыр болған Мұхит Әлі ауылдың өркендеуіне ерекше көңіл бөліп, көптеген игі бастамаларға ұйытқы болды. Оның армандарының бірі – ауыл жастарына арналған заманауи спорт кешенін салу еді.
Бұл игі бастаманы жалғастырған кәсіпкер, Аққұм ауылының тумасы Төре Сапарханұлы Құрбанов ауыл тұрғындарына үлкен сый жасап, «Мұхит Әлі» атындағы спорт кешенін ел игілігіне ұсынды.
Салтанатты жиынға мемлекет қайраткері Нартай Дүтбаев, аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, жазушы-драматург Роза Мұқанова, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова, ақын Күлия Айдарбекова және профессор Құлбек Ергөбек қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
Жаңа спорт кешені ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп, салауатты өмір салтын дамытуға серпін бермек.
