Арыстағы кәсіпкер ананың асқан ісі:
Балабақшадан басталған жол – мектепке ұласты
Арыс қаласында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген іскер ана Нурманова Клара өз ісін небәрі 50 орындық шағын балабақша ашудан бастаған. Апамыз алғашқыда аз ғана бүлдіршінді қабылдап, оларға сапалы тәрбие мен білім беруді мақсат еткен ол уақыт өте келе еңбегінің жемісін көріп, балабақшаны 170 орындық ірі білім беру орталығына айналдырды. Бүгінде бұл бастама жеке мектептің ашылуына ұласып, үлкен білім ордасы ретінде ел игілігіне қызмет етіп отыр.
Арыс қаласындағы «Қыз Жан» балалар бақшасының, «Зейне Ана» балалар бақшасының , Онтам шағын ауданы «Жаңабаев Әлмахан Әуелұлы» атындағы жалпы білім беру мекемелерін жауапкершілікпен атқарып отырған батыр анамыздың еңбегі зор.
Бұл жоба тек білім саласының дамуына ғана емес, өңірдегі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне де оң ықпалын тигізді. Атап айтқанда, көптеген жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазіргі таңда мұнда тәрбиешілер, мұғалімдер мен техникалық қызметкерлер еңбек етіп, өз нәпақаларын тауып отыр.
Кәсіпкер ананың басты мақсаты – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Оның айтуынша, елдің болашағы – бүгінгі балалардың қолында. Сондықтан білім ордаларында заманауи талапқа сай оқыту жүйесін қалыптастырып, балалардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінуде.
Арыс төріндегі осындай жанашыр әрі батыл азаматтардың еңбегі өңірдің өркендеуіне серпін беріп келеді. Кәсіпкер ананың бұл ісі – тек табыс табудың емес, қоғамға қызмет етудің, ел болашағына инвестиция салудың жарқын үлгісі.
