ӘКЕЛЕР МЕКТЕБІ: ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ОРТАҚ МІНДЕТ

Арыс қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында Арыс қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әкелер мектебінің» ұйымдастыруымен семинар-кеңес өтті.

Тағылымды жиынға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, Арыс қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісаттар Жүніс, мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар және ата-аналар қатысты.

Семинар-кеңестің негізгі мақсаты – отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлін күшейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақ тәрбиесіндегі мектеп пен ата-ана байланысын нығайту болды.

Жиында сөз алған қала әкімі Қайсар Маңқараев мемлекет тарапынан оқушылардың сапалы білім алып, алаңсыз оқуына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, мектептің басты міндеті – сапалы білім беру екенін ерекше айтты.

– Мектеп – ең алдымен білім ошағы. Ұстаздың негізгі мақсаты – оқушыға сапалы білім беріп, оның тұлға болып қалыптасуына бағыт-бағдар беру. Ал бала тәрбиесі – ең алдымен отбасыдан басталады. Сондықтан тәрбие – мектеп пен ата-ана, қоғамның ортақ жауапкершілігі, – деді қала әкімі.

Кездесу барысында бүгінгі қоғамдағы ерте жүктілік, құқықбұзушылық, вандализм, нашақорлық секілді өзекті мәселелердің алдын алуда ата-ананың, әсіресе әкенің рөлі ерекше екені айтылды.

Қала басшысы Арыс қалалық ардагерлер кеңесі мен оның жанынан құрылған «Әкелер мектебінің» өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегін жоғары бағалап, олардың жыл бойы мектептерде кездесулер өткізіп, тәрбиелік бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүргенін атап өтті.

Іс-шара барысында әке тәрбиесінің маңызы, ұлттық құндылықтар, ұрпақ сабақтастығы және жастар тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды.

Жиын соңында қатысушылар ұрпақ тәрбиесі жолындағы бірлескен жұмысты одан әрі күшейту қажеттігін айтып, мұндай бастамалардың қоғам үшін маңыздылығын ерекше жеткізді.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЗИЯНКЕСТЕРІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙТІЛДІ

Redaktor Arysinfo

Түркістан қаласындағы Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында “Діни радикализмнің алдын алу жолдары” тақырыбында маңызды кездесу өтті

berdaly_oraz

Түркістандық Усманова Мадхия әйелдер күресінен әлем чемпионы атанды