Мемлекет басшысы Түркия Президентін «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы Ердоғанды әлемдік деңгейдегі беделді саясаткер әрі өз елін дамуға бастап келе жатқан көшбасшы ретінде жоғары бағалайтынын айтты.

Президент Тоқаев Түркияда жүргізілген реформалардың нәтижесінде елдің экономикалық және саяси тұрғыдан нығайып, халықаралық аренадағы ықпалы артқанын атап өтті. Сондай-ақ Ердоғанның жаһандық саясаттағы әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын қолдап келе жатқанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Түркия Президентінің түркі әлемінің бірлігін нығайтудағы рөліне ерекше тоқталды. Оның қолдауымен Түркі мемлекеттері ұйымы ықпалды құрылым ретінде қалыптасып, түркі интеграциясына бағытталған бірқатар ұйымдардың жұмысы жанданғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи және рухани байланыстардың терең екеніне назар аударды.

– Қазақ пен түрік халықтарының тамыры ортақ, бауырластығы берік. Бүгінде бұл байланыс стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Түркістан – түркі дүниесінің рухани орталығы. Сондықтан Түркі мемлекеттері ұйымы бейресми саммитін қасиетті Түркістанда өткізуді жөн көрдік, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл жиын түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейтетініне сенім білдірді.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда Өтеген батыр көшесінің бойындағы қойма өртеніп жатыр

berdaly_oraz

Қала әкімі Маңқараев ұстаздар мен оқушыларды,ата-аналарды білім күні мерекесімен құттықтады

berdaly_oraz

Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтаманы беру мемлекеттік қызметі

Redaktor Arysinfo