Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі
Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті өтіп жатыр. Маңызды жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары қатысуда. Саммит аясында түркі интеграциясын нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Басқосуды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізді. Мемлекет басшысы Түркістанның түркі әлемі үшін тарихи әрі рухани маңызын атап өтіп, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің өзектілігіне тоқталды. Сонымен қатар түркі мемлекеттерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құру бастамасын көтерді.
Халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараны кеңінен ақпараттандыру мақсатында Түркістандағы Woosong University базасында арнайы баспасөз орталығы ұйымдастырылды. Мұнда Қазақстан мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 300-ден астам өкілі жұмыс істеуде.
Баспасөз орталығында журналистердің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық қажетті жағдай жасалған. Заманауи техникалық құралдармен жабдықталған жұмыс орындары, жоғары жылдамдықтағы интернет және жедел ақпарат алмасу жүйесі қарастырылған.
Түркістандағы саммит түркі мемлекеттері арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық алаңдардың бірі ретінде бағалануда. Ал медиа орталықтың жұмысы жиынның ашық әрі кең көлемде ақпараттандырылуына мүмкіндік беріп отыр.
