Батыс өңірлерде көліктерді заңсыз тіркеу схемасы әшкереленді: мемлекетке 705 млн теңге шығын келген

дереккөз фото Jas Alash

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі бірнеше өңірде көліктерді заңсыз тіркеу схемасын анықтады.

Агенттік мәліметінше, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облысы аумақтарында жүк және жеңіл автокөліктерді міндетті төлемдерсіз рәсімдеу фактілері тіркелген. Тергеу нұсқасына сәйкес, заңсыз қызмет мессенджерлер мен интернет арқылы ұйымдастырылған. Клиенттерге мемлекеттік алымдарды төлемей-ақ көлікті тіркеу ұсынылған.

ҚМА дерегіне сүйенсек, күдіктілер 82 автокөлікті заңсыз тіркеген. Олардың қатарында тартқыш жүк көліктері мен жеңіл автокөліктер бар. Схемаға жалпы 9 адам қатысқан. Олардың арасында автоинспектор мен нотариус та болған.

Тергеу барысында ұйымдастырушы көлік деректерін полиция қызметкеріне жолдап отырғаны анықталған. Ол бұрын есептен шығарылған, сипаттамалары ұқсас көліктерді іріктеп берген. Кейін жалған сатып алу-сату келісімдері, сенімхаттар және арнайы ХҚКО арқылы тіркеуге қажетті құжаттар рәсімделген.

ҚМА мәліметінше, нотариустық әрекеттер көлік иелерінің қатысуынсыз жүргізілген. Ал мемлекетке келтірілген шығын көлемі 705 млн теңге деп бағаланып отыр.

Күдіктілерге тиесілі 2,4 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынған. Қазіргі таңда бес адам қамауға алынып, тағы үш күдікті үйқамаққа жіберілген.

Ұқсас жаңалықтар

В Институте экономических исследований обсудили экономические аспекты Конституционной реформы

Redaktor Arysinfo

Түркістан қаласының айналма жолының құрылысы биыл басталады

Шымкентте 1-сынып оқушысы құрылыс шұңқырына құлап мерт болды

Альфия Адамбек