Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша республикадағы жетекші өңір саналады. Қазіргі таңда еліміздегі жылыжайлардың 72 пайызы осы өңірде орналасқан. Облыс аумағында жалпы көлемі 1 006,7 гектарды құрайтын 3 366 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде 62,5 гектарды қамтитын 17 өнеркәсіптік жылыжай және 944,2 гектар аумақта орналасқан 3 503 фермерлік жылыжай бар.
Өткен жылы Түркістан облысында 113 мың тонна көкөніс өнімі өндірілді. Бұл өнімдер маусымаралық кезеңде республика халқының көкөніске деген сұранысының 45 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары жүзеге асуда. Атап айтқанда, өнеркәсіптік жылыжайлардың әр гектарына 4,8 млн теңге, ал фермерлік жылыжайлардың әр гектарына 8,1 млн теңге көлемінде субсидия төленеді. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау, тұқым шаруашылығын қолдау, инвестициялық субсидиялау және жеңілдетілген несиелендіру бағытындағы бағдарламалар тұрақты түрде жүргізілуде.
Соған қарамастан, отандық жылыжай шаруашылықтары бүгінде үлкен бәсекелестік қысымға тап болып отыр. Өзбекстан, Түрікменстан және Иран мемлекеттерінде өндіріс шығындарының төмен болуы мен мемлекеттік қолдаудың кең көлемде көрсетілуі ішкі нарықтағы баға бәсекесін күшейткен. Нәтижесінде, қазақстандық өндірушілер қызанақ өнімдерін кей жағдайда өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр.
Бұл жағдай кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығына әсер етіп, өндіріс көлемінің қысқаруына, инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне және жұмыс орындарының азаюына қауіп төндіруде.
Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Өңір шаруалары маусымаралық кезеңде халықты сапалы әрі отандық өніммен қамтуға мүмкіндік беретін жоғары өндірістік әлеуетке ие.
