ОРДАБАСЫ: БАДАМ АУЫЛЫНДА ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Дереккөз, фото: Ордабасы ауд әкімдігі

Азат Оралбаев Бадам ауылы тұрғындарымен есепті кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды.

Жиын барысында аудан әкімі өткен кездесуде көтерілген төрт мәселенің екеуі толық шешілгенін, қалған екі мәселе бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын айтты. Атап айтқанда, Орда шағынауданындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары 2027 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған. Сонымен қатар Ақдала көшесіндегі мектепке баратын жолға аяқ жол салу және ескі электр бағаналарын ауыстыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Ақдала көшесіндегі электр желілері мен бағаналарын жаңарту бойынша сметалық құжаттама әзірленіп, қажетті қаржы бөлу үшін аудандық бюджетке сұраныс жолданған.

Кездесуде су шаруашылығы саласындағы жұмыстарға да назар аударылды. Биыл «Керіш» каналының 2,2 шақырым бөлігіне механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал «Ақбұлақ» және «Көшік» каналдарындағы тазалау жұмыстары толық аяқталған.

Сондай-ақ ауданда су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. 2025 жылы аудан бойынша 1 595 гектар егістік алқапқа жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері енгізілген. Оның ішінде Бадам ауылдық округінде 60 гектар жерге жаңбырлатып, 26,5 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы орнатылған. Биыл аудан көлемінде бұл көрсеткішті 2 580 гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Аудан басшысы мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізген шаруаларға шығынның 80 пайызына дейін субсидия қарастырылғанын атап өтті.

Мәдениет саласында да бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыстық бюджет есебінен Бадам ауылында мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Кездесу соңында тұрғындар ұсыныс-пікірлерін айтып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Аудан әкімі елді мекеннің өзекті мәселелері кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізіп, тұрғындарды өңірді дамыту жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.

Ұқсас жаңалықтар

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ҰЛТ САУЛЫҒЫ – ҰЛЫ БАЙЛЫҚ

berdaly_oraz

АРЫС ҚАЛАСЫНДА ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

berdaly_oraz

Түркістан: «Балалар үні» өнер фестивалінде 600-ден астам бала өнер көрсетті