- Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі
Түркістан қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, сала мамандары арнайы марапатталды. Мерекелік жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Жиында сөз сөйлеген Ертай Алтаев өңірде мәдениет саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мәдениет пен өнердің қоғамдағы маңызына назар аударды. Оның айтуынша, соңғы жылдары облыста жаңа мәдениет нысандары пайдалануға беріліп, бірқатар мәдениет ошақтарының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, өңір өнерпаздары республикалық және халықаралық байқауларда табысты өнер көрсетіп келеді.
Мерекелік шара барысында мәдениет саласының дамуына үлес қосқан бірқатар мамандарға «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ мәдениет және өнер қызметкерлері Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Іс-шарада AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, Алғыс хаттар тапсырды.
Сонымен қатар, кәсіби мереке аясында ұйымдастырылған «Музейлер шеруі» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ғалымжан Ерназаров үздік қатысушыларға автокөлік пен бағалы сыйлықтар табыстады.
Мерекелік кеш барысында «Мәдениеттің көрінбес қырлары» атты арнайы промо-ролик көрсетіліп, «Алтын тамыр» би ансамблі «Өнер» хореографиялық қойылымын сахналады. Сонымен қатар, танымал әншілер Маржан Арапбаева мен Гүлнұр Оразымбетова ән орындап, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан өңірінде мәдениет пен руханият саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
