ТҮРКІСТАНДА 300 МВт ҚУАТТЫ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысы еліміздің «жасыл» экономикасын дамыту бағытындағы ірі жобалардың біріне айналғалы отыр. Өңірде қуаты 300 МВт болатын фотоэлектрлік және энергия сақтау жүйесі кешенінің құрылысы ресми түрде басталды. Жобаның қадалы іргетасын құю рәсімі оның негізгі құрылыс кезеңіне өткенін айқындады.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, China Energy Overseas Investment Co., Ltd. бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй, инвесторлар мен энергетика саласының мамандары қатысты.

Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ерекше басымдық беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысының климаттық ерекшелігі күн энергетикасын дамытуға өте қолайлы.

Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 307 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл – ШЫҰ саммитінен кейін Қазақстан мен Қытай арасында жасалған үкіметаралық келісім аясында жүзеге асырылатын алғашқы энергетикалық жоба. Құрылыс барысында 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жоба іске қосылғаннан кейін станция жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат таза электр энергиясын өндіреді. Бұл өңірдің энергетикалық теңгерімін жақсартып қана қоймай, көміртек қалдықтарын азайтуға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Qazaq Green Power PLC жобалық кеңсесінің жетекшісі Асқар Амиртаев құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда жер жұмыстары аяқталып, кеңсе, қойма және жатын орын нысандары салынған. Енді негізгі қондырғыларды орнату кезеңі басталды.

Сондай-ақ жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі ретінде бағалануда. Қытайлық инвесторлар құрылыс жұмыстарын халықаралық стандарттарға сай жүргізуге ниетті екенін мәлімдеді. Бұл бастама Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңір экономикасына тың серпін бермек.

Мамандардың айтуынша, әлемде баламалы энергия көздеріне сұраныс артып жатқан кезеңде мұндай жобалар Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, экологиялық таза өндіріс үлесін көбейтуге жол ашады. Күн электр станциясын 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 1200 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛДАР МЕН КӨШЕЛЕР ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

Redaktor Arysinfo

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов есін жиды – ота 4 сағатқа созылды

berdaly_oraz

Көліктен басын шығарғандар қанша айыппұл арқалайды?

Альфия Адамбек