Түркістан облысында жазғы өрт қауіпті маусымға дайындық жұмыстары күшейтілді. Өңірде орман мен дала өрттерінің алдын алу, төтенше жағдайлардың алдын кесу бағытында кешенді шаралар қолға алынған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдын алу жұмыстарының барысы талқыланды. Жиында жауапты мекемелердің дайындығы сараланып, нақты тапсырмалар берілді.
Биыл облыста орман, дала және егістік алқаптарында өрттің таралуына жол бермеу үшін жалпы ұзындығы 9 602 шақырымнан астам минералданған жолақ жүргізу жоспарланған. Мамандардың мәліметінше, жоспардың бірінші кезеңі толық орындалған.
Облыс басшысы өрт қауіпті кезеңде барлық қызметтердің жоғары дайындықта болуы қажет екенін атап өтіп, профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, техникалар мен жанар-жағармай қорын толық қамтамасыз етуді тапсырды.
Шалғай ауылдардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында тағы 37 маусымдық өрт бекетін құру көзделген. Бүгінде оның 33-і іске қосылған.
Түркістан облысында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғи апаттардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Жауапты мекемелер жазғы маусымда төтенше жағдайлардың алдын алуға толық дайын екенін мәлімдеді.
