Қазақстандық әйел 36 жылдан кейін туған кездегі алғашқы есімін қайтарып алды. Бұған дейін Айтолқын Айханова есімімен танылған азаматша енді ресми түрде Барселона атанады.
Ол жаңа туу туралы куәлігін алып, бұл шешімге бір күнде келмегенін айтты. Оның сөзінше, дүниеге келген кезде атасы оған Барселона деген ерекше есім берген. Алайда арада 40 күн өткен соң есімі Айтолқын болып өзгертілген.
Жылдар бойы көкейінде жүрген ойды жүзеге асырған әйел араға 36 жыл салып, туғандағы есімін қайта қайтаруға бел буған.
Барселонаның айтуынша, олардың әулетінде ерекше дәстүр бар. Атасы балалары мен немерелеріне әлемдік деңгейдегі ірі спорттық жарыстар өткен қалалардың атауын қойған. Сондықтан әулетте Сеул, Сидней және Токио есімді туыстары да бар.
Жаңа құжаттарын қолына алған қазақстандық енді айналасындағылардан өзін Барселона деп атауды сұрап отыр.
Бұл оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік ерекше есімнің тарихына қызығушылық танытуда. Бірі мұны атасының аманатына адалдық деп бағаласа, енді бірі адамның өз болмысын таңдауға құқығы бар екенін алға тартуда.
Қалай болғанда да, 36 жылдан кейін Барселона есімі өз иесіне қайта оралды.
