Мемлекеттік рәміздер күні: Түлкібаста көпбалалы аналар мен еңбек адамдары марапатталды

Түркістан облысы Түлкібас ауданында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Көк Тудың желбірегені» атты салтанатты ту көтеру рәсімі өтті.

Елдік пен тәуелсіздіктің символына айналған мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған шараға аудан тұрғындары, жастар, мекеме қызметкерлері мен қоғам белсенділері қатысты. Мерекелік жиын Мемлекеттік Тудың көкке көтерілуімен басталып, Елтаңба салтанатты түрде ортаға шығарылды. Қатысушылар Қазақстан Республикасының Әнұранын бірге орындады.

Салтанатты шарада аудан әкімі Асқар Естібаев тұрғындарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, көк Ту, Елтаңба мен Әнұранның ел бірлігі мен тәуелсіздігінің басты нышандары екенін атап өтті.

– Әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, оларды ұлттық мақтаныш ретінде қастерлеуі тиіс. Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен елге деген құрмет сезімін қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет, – деді аудан басшысы.

Мерекелік іс-шара барысында ел демографиясының өсуіне үлес қосып, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған көпбалалы аналарға ерекше құрмет көрсетілді. Бірқатар анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталып, олардың қоғамдағы еңбегі жоғары бағаланды.

Сонымен қатар ауданның тазалығы мен көркеюіне еңбек сіңіріп жүрген коммуналдық сала қызметкерлері де назардан тыс қалмады. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауданның абаттандырылуына үлес қосқан «Тұраркент Су» мекемесінің басшысы Бақыт Жұматаев пен «Көрікті ел» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері ҚР Президентінің Алғыс хатымен және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ұқсас жаңалықтар

САЙРАМ АУДАНЫНДА 560 БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАСЫ ОРНАТЫЛАДЫ

berdaly_oraz

Шардарада мешіт қызметкерлеріне үй мен көлік берілді

berdaly_oraz

Балаларға тегін ота жасау туралы заң қарастырылып жатыр

berdaly_oraz