Жұлдыздар жарнамалаған курс дау ортасында: 300-ге жуық адам алданғанын айтады

Алматыда ағылшын тілін үйретеміз деп уәде берген «Талпын» академиясына қатысты шу күшейді. Онлайн курсқа қомақты қаржы төлеген жүздеген адам сабақтардың аяқ астынан тоқтап қалғанын айтып, құқық қорғау органдарына жаппай арыз түсірген.

Тұрғындардың айтуынша, орталық әлеуметтік желілерде кеңінен жарнамаланып, танымал әншілер мен блогерлердің қатысуымен халықтың сеніміне кірген. Соған сенгендердің бірі – көпбалалы ана Сәуле Құсбекова. Ол қызының ағылшын тілін меңгеруіне үміт артып, алты айлық курс үшін 420 мың теңге төлеген.

Даудың тағы бір қыры – жарнамаға қатысқан танымал тұлғалар. Олардың кейбірі орталықтың қызметіне сеніп жарнама жасағандарын айтса, енді бірі видеоларының рұқсатсыз пайдаланылғанын мәлімдеді.

Ал академия басшылығы қаржылық қиындықтарға тап болғанын мойындап отыр. Олар тоқтап қалған сабақтардың ақшасы қайтарылатынын немесе оқу процесі қайта жалғасатынын уәде еткен. Бірақ бұған тұрғындардың көбі сенбейді.

Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі – бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Полиция курс басшылығының әрекетіне құқықтық баға берілетінін хабарлады.

Алдандық дегендердің саны бүгінде 300-ге жуықтаған. Олар тек Алматы тұрғындары емес, еліміздің түрлі өңірлерінен шыққан. Егер кінә дәлелденсе, жауаптылар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ұқсас жаңалықтар

СОЗАҚТА АСЫҚ АТУДАН ТОП ЖАРҒАН ЖАС СПОРТШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

berdaly_oraz

Вице-министр жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді

«Еңбекті қорғау жүйесіндегі түйінді тенденциялар мен негізгі перспективалар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті