Әр тамшының есебі бар: Түркістанда су үнемдеу жұмыстары күшейді

Түркістан облысында су тапшылығына қарсы күрес пен егіншіліктің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Бүгінде өңірдегі 1083 шаруа қожалығы су үнемдеу технологияларын енгізіп, алқаптарын заманауи әдіспен суаруға көшкен.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков суғару маусымының барысына арналған мәжіліс өткізіп, ағын сумен қамтамасыз ету және туындаған мәселелерді талқылады.

Қазіргі таңда Шардара су қоймасынан Шардара, Отырар және Арыс аудандарындағы 74,7 мың гектар жер суғарылып жатыр. Ал Мақтаарал мен Жетісай аудандары «Достық» магистральді каналы арқылы сумен қамтылуда. Сонымен бірге Қазығұрт, Сарыағаш және Келес аудандарындағы мыңдаған шаруашылыққа негізгі су арналары арқылы ағын су жеткізілуде.

Мәжілісте су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары ерекше назарға алынды. Мамандардың айтуынша, тағы 328 шаруа қожалығы қажетті құжаттарын рәсімдеп, кәсіпорындармен келісімшарт жасау кезеңінде тұр. Шаруалар арасында тамшылатып суару жүйесіне сұраныс артып келеді.

Жалпы Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын 164 мың гектар алқапқа енгізу жоспарланған. Бұл өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда кәсіпкерлікке серпін: 58,5 млрд теңгелік жобалар мыңдаған жұмыс орнын ашады

Redaktor Arysinfo

Түркістан облысында етті және майлы қой түрлерінен халықаралық көрме өтті

Таза Қазақстан: «Үкаша ата» кесенесінің маңы абаттандырылды