Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында бауырлас өңір – Хубэй провинциясы орталығы Ухань қаласында ірі инвесторлармен маңызды келіссөздер өткізді. Кездесулердің басты мақсаты – өңірге инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу және экономикалық әлеуетті күшейту.
Сапар аясында Hanya International Holdings компаниясының құрылтайшысы Хуан Чжоурэнмен келіссөздер жүргізіліп, Мақтаарал ауданындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында жүзеге асырылып жатқан ауқымды инвестициялық жоба талқыланды.
Жоба аясында электр техникалық жабдықтар, сантехникалық арматура және пластмасса бұйымдарын өндіретін индустриялық парк салынуда. Жалпы инвестиция көлемі 60 миллиард теңгеден асады. Толықтай Қытайдың тікелей инвестициясы есебінен қаржыландырылатын бұл бастама өңір экономикасына тың серпін бермек.
Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 800 тұрақты жұмыс орны ашылып, өндірістік кооперация нығаяды, экспорт көлемі артады. Сонымен қатар халықаралық логистика, трансшекаралық сауда және энергия жинақтау жабдықтары бағыттары бойынша жаңа мүмкіндіктер қалыптасады.
Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Облыс басшысы жобаны белгіленген мерзімде аяқтап, өндірістік қуаттарды уақытылы іске қосудың маңызын атап өтті.
