дереккөз фото:Түркестан обл әкімдігі
Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтіп, өңірдің денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетілді.
Іс-шара барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті. Облыс басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық денсаулығын сақтау мәселесін мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындағанын жеткізді.
Соңғы үш жылда Түркістан облысында 115 медициналық нысан салынып, тағы 25 нысанның құрылысы жалғасуда. Денсаулық сақтау ұйымдары 1548 заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етіліп, жедел жәрдем қызметіне 60 автокөлік пен екі арнайы кешен тапсырылған.
Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында да оң нәтижелер байқалады. Соңғы мәліметтер бойынша нәресте өлімі 18,3 пайызға, ал бала өлімі 14,9 пайызға төмендеген.
Салтанатты шарада Нұралы Әбішов мен Асхан Байдувалиев де сала мамандарына алғыс білдіріп, марапаттар табыстады.
Бұл мереке өңірдегі медицина қызметкерлерінің ерен еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды.
