дереккөз фото:Түркістан облысы әкімдігі
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Сырдария өзенінің жағалауында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті. Тазалық шарасына табиғат жанашырлары, орманшылар, инспекторлар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, Көксарай көпірі маңын қоқыстан тазартты.
Іс-шараға 70-тен астам адам жұмылдырылып, өзен жағалауын абаттандыру және қоршаған ортаны қорғау бағытында нақты жұмыстар атқарылды.
Биыл Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында мыңдаған экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, жүздеген мың тұрғын белсенділік танытуда. Нәтижесінде елді мекендердің тазалығы жақсарып, қоршаған ортаны қорғау мәдениеті қалыптасып келеді.
Сонымен қатар өңірде «Бір адам – бір ағаш», «Талмен түлеген туған жер», «Жасыл белдеу» сынды жобалар жүзеге асырылуда. Биыл облыс бойынша 1 миллион ағаш көшетін отырғызу жоспарланып, оның 332 мыңнан астамы егілді.
Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай игі бастамалар туған жердің тазалығын сақтап, келер ұрпаққа көрікті қоршаған орта қалдыруға жол ашады.
