дереккөз фото: Aikyn.kz.
Түркістан облысында бұрынғы мектеп директоры пара алу және лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану фактілері бойынша сотталды.
Тергеу материалдарына сәйкес, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамға теңестірілген тұлға болған К. міндетті тестілеу мен аттестаттау комиссиясынан өтпеген 12 мұғалімге заңсыз түрде біліктілік санаттарын берген. Соның салдарынан оларға бюджет қаражатынан 16 миллион теңгеден астам жалақы негізсіз төленген.
Сонымен қатар экс-директордың мұғалімдердің бірінен пара алғаны анықталған.
Алғашқы сот талқылауында оның кінәсі дәлелденбеді деген негізбен ақтау үкімі шығарылған болатын. Алайда Бас прокуратураның кассациялық наразылығынан кейін бұл үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.
Істі қайта қараған сот К.-ны кінәлі деп танып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
