Түркістан облысында жұмыссыз және NEET санатындағы жастарды еңбекке тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып жатыр. Жыл басынан бері өңірдегі 16 өндірістік кәсіпорынға экскурсия ұйымдастырылып, оған 1685 жас қатысқан. Бұл бастама жастардың өндіріс орындарымен танысып, болашақ мамандығын таңдауға және тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беруде.
Облыс әкімдігінде өткен мәжілісте өңір басшысы Нұралхан Көшеров жастарды жұмыспен қамту, қылмыстың алдын алу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект салаларына қызығушылықты арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Өңірде жыл басынан бері мемлекеттік жастар саясаты аясында 4536 іс-шара өткізіліп, оған 434 мыңнан астам жас қамтылған. Нәтижесінде 15–34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9%-ға дейін төмендеген.
Сонымен қатар, жыл басында 12 023 болған NEET санатындағы жастар саны жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 8332-ге дейін азайған. Мансап орталықтары арқылы 1567 жас тұрақты жұмыспен қамтылса, «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1140 жас мемлекеттік грант иегері атанды.
Алдағы кезеңде NEET санатындағы жастарды кәсіби бағдарлау, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне тарту және кәсіптік оқыту жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар өңір жастарының еңбек нарығына бейімделуіне және тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етеді.
