Түркістан облысында өңірдің сәулеттік келбетін жаңғыртуға және инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа жобалар талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңесте жүзеге асырылуы жоспарланған инвестициялық және әлеуметтік нысандардың сәулеттік тұжырымдамалары қаралды.
Жиын барысында инвесторлар өз жобаларын таныстырып, олардың өңір экономикасын дамытуға, туризм саласын жандандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосатын үлесін баяндады. Сонымен қатар нысандардың сәулеттік келбеті, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, қоршаған ортамен үйлесімділігі және заманауи құрылыс талаптарына сәйкестігі жан-жақты сараланды.
Облыс әкімі әрбір инвестициялық жобаның сапалы әрі белгіленген талаптарға сай жүзеге асырылуы басты міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістанда бой көтеретін жаңа нысандар өңірдің тарихи-мәдени ерекшеліктерімен үндесіп, қаланың заманауи әрі тартымды бейнесін қалыптастыруға қызмет етуі тиіс.
Кеңес барысында инвесторлардың ұсыныстары тыңдалып, жауапты басқармаларға жобаларды жетілдіру, сәулеттік шешімдерді қайта пысықтау және қолданыстағы талаптарға толық сәйкестендіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру қарқынын жеделдету мәселесіне ерекше назар аударылды.
Жаңа жобалардың сапалы жүзеге асуы Түркістанның инвестициялық тартымдылығын күшейтіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, туризмнің өркендеуіне және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етеді.
