ТОҒЫЗ ЕЛДЕН БІР МӘРТЕБЕ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БАҒДАРЫ АЙҚЫН

Қазақстанның халықаралық аренадағы белсенділігі тағы бір маңызды оқиғамен айшықталды. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тоғыз елдің төтенше және өкілетті елшілері сенім грамоталарын тапсырды.

Молдова, Вьетнам, Корея Республикасы, Оңтүстік Африка, Словакия, Германия, Әзербайжан, Словения және Намибия елдерінің дипломаттары Қазақстанмен өзара байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін көрсетті.

Бұл – жай ғана дипломатиялық рәсім емес. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі күрделі геосаяси кезеңде Қазақстанның түрлі мемлекеттермен теңгерімді қарым-қатынас орнатуы елдің халықаралық беделін арттырып, экономикалық және саяси мүмкіндіктерін кеңейте түседі.

Президент Қазақстанның бейбітсүйгіш сыртқы саясат ұстанымын сақтайтынын атап өтті. Оның айтуынша, еліміз Орталық Азияда ғана емес, одан тыс өңірлерде де бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға күш салады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы шетелдік дипломаттарға Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен елге инвестиция тарту бағытындағы нәтижелерін таныстырды.

Тоғыз ел елшісінің бір күнде сенім грамоталарын табыстауы Қазақстанның сыртқы саясаттағы байланыстары кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Бүгінгі дипломатиялық диалог – ертеңгі жаңа инвестициялық жобаларға, сауда-экономикалық серіктестікке және халықаралық ынтымақтастыққа жол ашатын маңызды қадам.

Ұқсас жаңалықтар

Арыс қаласында жергілікті кірістерді арттыру жолдары талқыланды

berdaly_oraz

Жануарға тас лақтырған тұрғынның ісі полицияға жолданды

Redaktor Arysinfo

Өңірлік жаңалық: Сарыағашта өткен сенбілікте 300 түп ағаш егілді