Сүйек те кәдеге жарайды: Ордабасыда 9 млрд теңгеге зауыт іске қосылады

Түркістан облысында малдың сүйегі енді қалдық емес, табыс көзіне айналмақ. Ордабасы ауданында 9 млрд теңгелік ірі жоба жүзеге асып жатыр. Кәсіпорын мал сүйегін терең өңдеп, май мен желатин компоненттерін өндіреді. Зауыттың алғашқы кезеңі қыркүйекте іске қосылуы тиіс.

Ордабасы ауданындағы Темірлан елді мекенінде мал шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдейтін жаңа кәсіпорын бой көтерді. «Huating Biotechnology Co., LTD» компаниясының жобасы ауыл шаруашылығы саласындағы қалдықтарды кәдеге жаратып қана қоймай, олардан дайын өнім өндіруге бағытталған.

Жобаның жалпы құны – 9 млрд теңге. Оның алғашқы кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция құйылған. Кәсіпорынды осы жылдың қыркүйек айында іске қосу жоспарланып отыр.

Зауыт толық жұмыс істегенде жылына 5 мың тонна май және желатин компонентін өндіре алады. Алғашқы кезеңде 30 адам жұмысқа тартылса, жоба толық қуатына шыққанда 100 жаңа жұмыс орны ашылады.

Кәсіпорынның негізгі бағыты – мал сүйегін терең өңдеу. Яғни шаруашылықтар мен бордақылау алаңдарында жиналатын сүйек далада шашылып немесе кәдеге жарамай қалмай, қайта өңдеуге жіберіледі.

Жоба аясында сүйекті үгітіп, одан түрлі ыдыстар мен басқа да өнімдер шығару мүмкіндігі қарастырылуда. Сонымен бірге жем өндіру бағыты да зерттеліп жатыр.

Инвестор мұнымен тоқтап қалмақ емес. Келешекте малдың қанын да кәдеге жаратып, одан қосымша өнім өндіру жоспарда бар.

Бұл бастама өңірдегі мал шаруашылығы қалдықтарын азайтып қана қоймай, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпорынға қажетті шикізаттың тұрақты болуы – өндірістің үздіксіз жұмыс істеуінің негізгі шарттарының бірі.

Осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі бордақылау алаңдарында жиналатын мал сүйектерін осы зауытқа жеткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Егер бұл жүйе жолға қойылса, облыстағы мал шаруашылығы қалдықтарының едәуір бөлігі қайта өңдеуге тартылуы мүмкін. Яғни мал өсіру – сою – қалдықты жинау – терең өңдеу – дайын өнім шығару тәрізді толық өндірістік тізбек қалыптасады.

Қазір зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Негізгі технологиялық жабдықтар орнатылып, іске қосу-баптау жұмыстары жүріп жатыр.

Әкімдік кәсіпорынды белгіленген мерзімде іске қосуды маңызды міндет ретінде қойып отыр. Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне зауытты қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету мәселесін жедел шешуді тапсырды.

Бұл жоба тек жаңа зауыт пен бірнеше ондаған жұмыс орны ғана емес. Оның негізгі мәні – ауыл шаруашылығы қалдықтарын экономикалық ресурсқа айналдыру.

Бұған дейін қажетсіз қалдық саналған мал сүйегі енді май, желатин және өзге де өнімдер өндірісіне пайдаланылмақ. Ал өндіріс көлемі ұлғайса, өңірдегі қайта өңдеу саласының жаңа бағыты қалыптасуы ықтимал.

Ордабасыдағы зауыт толық қуатына шықса, ауданның өндірістік әлеуеті артып, жергілікті шикізатты өңдеудің жаңа кезеңі басталады.

Қысқасы, енді малдың еті ғана емес, сүйегі мен қаны да кәдеге жарайтын заманға қадам басып келеміз.

Ұқсас жаңалықтар

Обсуждена историческая роль конституционной реформы

Redaktor Arysinfo

Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес шаралары басталды

berdaly_oraz

Кентауда өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамыту ісі жанданады