Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде құрылып жатқан шағын өндірістік парктердің жұмысы жүйелі түрде бақылауға алынған.
Осы бағытта облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасының өкілдері Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Шардара аудандары мен Арыс қаласында құрылған өндірістік парктерге барып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, өндірісті дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесулер барысында өндірістік парктерге жаңа жобаларды тарту, кәсіпорындар өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейту және жобаларға қаржылай қолдау көрсету мәселелеріне басымдық берілді.
Бүгінде Түркістан облысында 29 шағын өндірістік парк құрылып, онда 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Оның 165-інің құрылысы аяқталды.
Өндірістік парктерде жалпы құны 226,9 млрд теңге болатын 269 жоба жасақталған. Қазіргі таңда оның 114-і іске қосылды.
Іске асырылып жатқан жобалардың негізгі бағыты – құрылыс материалдарын, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру.
Түркістан облысында шағын өндірістік парктердің жұмысы жанданып, кәсіпкерлер үшін өндірісті дамытуға қолайлы әрі тиімді алаңға айналып келеді.
