ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІН БАСҚАРУДЫҢ БІРЫҢҒАЙ МОДЕЛІ ҚАЛЫПТАСАДЫ

Түркістан облысында ауыз сумен қамту жүйесін жетілдіру және саладағы кәсіпорындардың жұмысын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар жанданады. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды.

Жиында өңірдегі су жүйелерінің қазіргі жағдайы, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және су беруші кәсіпорындардың жұмысын жүйелеу мәселелері қаралды.

Бүгінде Түркістан облысында 801 елді мекенге су тарату қызметі көрсетіледі. Оның ішінде 638 елді мекенге аудан және қала әкімдіктеріне қарасты мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар, 105 елді мекенге «Қазсушар» РМК-ның «Оңтүстіқазсушар» филиалы, 50 елді мекенге жеке меншік мекемелер қызмет көрсетеді. Ал шалғай орналасқан 8 елді мекеннің тұрғындары қолданыстағы ұңғымалар мен құдықтар арқылы ауыз сумен қамтылған.

Саладағы қызмет сапасын арттыру мақсатында облыстағы су беруші кәсіпорындарды бір жүйеге біріктіру ұсынылды. Бірыңғай басқару моделін енгізу су шаруашылығы саласындағы жұмыстарды орталықтандыруға және кәсіпорындардың мүмкіндігін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Жаңа модель аясында 16 кәсіпорынды бір жүйеге біріктіру, бірыңғай тариф саясатын қалыптастыру, инвестициялық бағдарламаларды іске асыру, су желілерін жаңғырту, цифрландыру және автоматтандыру жұмыстарын жүйелеу көзделген. Сонымен қатар салаға инвестиция тарту және білікті мамандармен қамту мүмкіндігі артады.

Бұл бағыттағы дайындық жұмыстары қазірдің өзінде жүргізілуде. «СЕСТ Инжиниринг» ЖШС су беруші кәсіпорындардың техникалық және қаржылық жағдайына талдау жасап жатыр. Қазіргі таңда Арыс қаласы, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Түлкібас және Шардара аудандарындағы кәсіпорындардың жағдайы зерделенуде.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров саладағы мәселелерді жүйелі түрде шешіп, ең алдымен тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, су желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, апатты жағдайлардың алдын алу, тозған инфрақұрылымды жаңарту және су кәсіпорындарының тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдануы тиіс.

Ұқсас жаңалықтар

Ашық аспан астында Түркістан әуендері шырқалды

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ҚОҚЫСТЫ БЕЙ-БЕРЕКЕТ ТАСТАҒАНДАРҒА ҚАТАҢ ШАРА ҚОЛДАНЫЛАДЫ

Redaktor Arysinfo

ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕКТЕ «АЛТЫН КҮЗ – 2025» МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНЫП, АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРГЕ АРНАЙЫ ТЕХНИКАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ

Redaktor Arysinfo