Арыс қаласында Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері арасында «Жүректен шыққан жыр» атты мәнерлеп оқу байқауы ұйымдастырылды.
Шығармашылық шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойына адалдық, парасаттылық, адамгершілік, отансүйгіштік және елжандылық қасиеттерді қалыптастыру. Сонымен қатар байқау балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, көркемсөз өнеріне деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Байқауға 7–17 жас аралығындағы тәрбиеленушілер қатысып, ұлы тұлғалардың адалдық пен парасаттылықты дәріптейтін өлеңдері мен тағылымды нақыл сөздерін жатқа оқыды.
Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы Эльмира Байдарбекова және Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Нұрғазы Тажыбеков қатысты.
Қатысушылар өздерінің мәнерлеп оқу шеберлігін көрсетіп, көрерменге рухани мазмұны терең шығармаларды ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен үздік өнер көрсеткен тәрбиеленушілер анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Шара балалардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттырып, олардың бойындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға ықпал етті.
