Түркістан қаласы алдағы 2026–2027 жылдардағы қысқы жылыту маусымына дайындықты пысықтап жатыр. Қаладағы қазандықтар мен жылу желілерінің жағдайы бақылауға алынып, маңызды нысандардағы жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жылу нысандарын аралап, қазандықтар мен жылу желілерінің дайындығын тексерді. Сондай-ақ №1 және №2 мөлтек аудандарындағы магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Жоба аясында 1,6 шақырым жылу құбырын жаңарту көзделген. Қазіргі таңда жұмыстардың басым бөлігі орындалып, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру жоспарлануда.
Қала басшысы жылыту маусымына дайындықта уақытпен қатар сапаның да маңызды екенін атап өтіп, жауапты мамандарға жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Бүгінде Түркістанда 18 жылу қазандығы мен 56,3 шақырым жылу желісі жұмыс істейді. Орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы 367 нысан қамтылған. Оның ішінде 204 көпқабатты тұрғын үй, 53 жеке тұрғын үй және 134 бюджеттік әрі кәсіпкерлік нысан бар.
Ал көпқабатты үйлерді қысқа дайындау мақсатында жылу жүйелерін қысымдау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Яғни, Түркістанда қыс келгенше жылу жүйелерін толық әзірлікке келтіру басты назарда. Ендігі міндет – атқарылған жұмыстардың сапасын қамтамасыз етіп, тұрғындарды тұрақты әрі үздіксіз жылумен қамту.
