ҚАРИЯСЫН ҚАДІРЛЕГЕН АРЫС: АҒА БУЫНҒА АРДАҚ КӨРСЕТІЛДІ

Арыста Халықаралық қарттар күніне орай тағылымы мол мерекелік кеш өтті. «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты шара қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырылып, ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды қариялардың басын қосты.

Салтанатты жиынға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ізбасар Назаров, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісатта Жүніс, Ардагерлер орталығының мүшелері және ауылдық округтерден келген қариялар қатысты.

Жиында қала әкімі ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орнына тоқталды. Елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан және салауатты өмір салтын ұстанған бірқатар қарияға Арыс қаласының 70 жылдығына арналған мерейтойлық медаль табысталды.

Сондай-ақ облыстық ақсақалдар кеңесінің, қалалық мәслихаттың және «Әділет» партиясы Арыс қалалық филиалының атынан бірқатар ардагерге медальдар мен алғыс хаттар берілді.

Мерекелік кештің сәнін қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы келтірді. Әуезді әндер шырқалып, термелер орындалып, сахналық қойылымдар көпшілікке ұсынылды. Өнерпаздардың өнері қарияларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік кештің мазмұнын арттыра түсті.

Қария – елдің қазынасы, ұрпақтың ақылшысы. Олардың өмір жолы мен өнегесі кейінгі буын үшін үлкен мектеп. Сондықтан аға буынға құрмет көрсету – бір күндік мерекемен шектелмейтін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ұлттық құндылық.

Арыста өткен бұл кеш те ел ағалары мен ақ жаулықты әжелерге деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 200 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСТАМ ЖАЙЫЛЫМ ЖЕР ОРТАҚ ПАЙДАЛАНЫМҒА БЕРІЛДІ

Redaktor Arysinfo

Министерство внутренних дел запустило новый цифровой сервис «Закон и Порядок»

АРЫС: ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙДЫ ТАСЫМАЛДАУ ЖӘНЕ ТАРАТУМЕН АЙНАЛЫСАТЫН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ НАЗАРЫНА

berdaly_oraz