1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл атаулы күн 1990 жылғы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітіліп, 1991 жылдан бері әлемнің көптеген елінде атап өтіліп келеді.
Қарттар күні – аға буынға құрмет көрсетіп, олардың қоғамға сіңірген еңбегін бағалайтын ерекше күн. Ғұмыр бойы еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосқан қариялардың өмірлік тәжірибесі мен тағылымы – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына.
Қазақ халқы ежелден «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген қағиданы ұстанған. Бұл – жай ғана сөз емес, ұрпақ тәрбиесіне негіз болған ұлттық құндылық. Қарияны сыйлау арқылы біз салт-дәстүрді дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын сақтаймыз.
Бүгінде аға буын өкілдерінің өнегелі жолы жастарға үлгі болып отыр. Олардың ақылы мен батасы, өмірлік тәжірибесі – қоғам үшін маңызды рухани құндылық.
Халықаралық қарттар күні қарсаңында барша аға буын өкілдеріне ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасылық амандық тілейміз. Қарияның көңілін сұрап, қамқорлық таныту – бір күндік міндет емес, ұрпақ парызы.
Қарияға көрсетілген құрмет – өткенге тағзым ғана емес, келешекке жасалған ізгі аманат.
