Арыста Халықаралық қарттар күніне орай ғасыр жасаған және көпбалалы ардагер аналарға ерекше құрмет көрсетілді.
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы Ізбасар Назаров және Арыс қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция майоры Тілектес Бердіқұлұлымен бірге бірқатар тыл ардагерлері мен Батыр аналардың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Ғұмырын елге қызмет етуге, ұрпақ тәрбиесіне арнаған ақ жаулықты әжелерге ізгі тілектер айтылып, естелік сыйлықтар табысталды. Бұл – аға буынға деген құрметтің ғана емес, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттаудың да көрінісі.
Алдымен қала басшысы 100 жасқа толған Сайфулова Сағадат Ибетқызының шаңырағына барды. 1926 жылы дүниеге келген Сағадат әже теміржол саласында 40 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан. Тыл ардагері бүгінде ұлы мен қызының, төрт немересі мен алты шөбересінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр. Бір ғасырға жуық өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі.
Бұдан кейін қала әкімі көпбалалы ана, тыл ардагері Жиенбаева Несіпкүлдің үйіне барды. 1935 жылы дүниеге келген Несіпкүл апа ұзақ жыл тігін фабрикасында еңбек еткен. Батыр ана төрт ұл мен алты қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 35 немере мен 28 шөберенің қызығын көріп отырған ардақты әже ұрпағының ортасында мерейлі ғұмыр кешуде.
Келесі мекенжай – Батыр ана Утебаева Лескүлдің шаңырағы. 1942 жылы дүниеге келген Лескүл апа Задария асыл тұқымды қой совхозында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан. Он екі ұл тәрбиелеген Батыр ана бүгінде 46 немере мен 51 шөберенің аяулы әжесі.
Мерекелік кездесуде Лескүл апа ақ батасын беріп, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тіледі.
Үш шаңырақтағы жүздесу де жылы әңгімеге ұласты. Ардагер әжелер өздеріне көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Бір ғасырлық ғұмыр, он баланың тәрбиесі, ондаған немере мен шөберенің қызығы – бұл аналардың жеке өмір жолы ғана емес, ел тарихының бір бөлігі. Арыста ақ жаулықты әжелерге көрсетілген құрмет осындай өнегелі өмірлерді ұлықтауға арналды.
