ТОҚАЕВ: ӨҢІРДЕ БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ САҚТАУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандағы геосаяси ахуал күрделенген кезеңде Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңызына тоқталды.

Президенттің айтуынша, терроризм, есірткі бизнесі, қару-жарақ пен адам саудасы, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан қылмыс және алаяқтық өңір қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіріп отыр. Бұған қоса, цифрлық технологиялардың қылмыстық топтар мен террористердің қолына түсу қаупі де алаңдатады.

Осы сын-қатерлерге қарсы тұру үшін мемлекеттер арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңесі хатшыларының тұрақты кездесулерінің маңызын атап өтті.

Президент былтыр Ташкентте қабылданған Аймақтық қауіпсіздік және тұрақтылық тұжырымдамасы мен Қауіпсіздік тәуекелдері және оның алдын алу шараларының тізбесін жоғары бағалап, қабылданған құжаттарды толық әрі мүлтіксіз орындаудың қажеттігін айтты.

Мәдени байланыс – өңірді жақындастыратын күш

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде Орталық Азия елдерінің мәдени-гуманитарлық байланыстарын одан әрі тереңдетуге де ерекше мән берді.

Бүгінде өңір мемлекеттері арасында көрмелер, кинофестивальдер, форумдар мен түрлі мәдени іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Президент осы байланысты жастар алмасуы, жоғары оқу орындары мен ғылыми қауымдастықтардың ынтымақтастығы және шығармашылық зиялы қауым арасындағы диалог арқылы күшейтуді ұсынды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастырудың маңызын атап өтті. Осы ретте Қазақстан Silk Way телеарнасы базасында аймақтық телеарна құру бастамасын көтеріп отыр.

Бұл бастама Орталық Азия халықтарының өзара ақпарат алмасуын кеңейтіп, тарихи-мәдени тамырластықты нығайтуға және өңір елдерінің арасындағы байланысты жаңа деңгейге шығаруға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Шардара: Аудан әкімі Тыл ардагерлерін құттықтады

ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫН САЙЛАУ – ҚОҒАМДЫҚ ДАМУҒА БАСТАЙТЫН МАҢЫЗДЫ ҮДЕРІС

Redaktor Arysinfo

Өңір жаңалығы: Жетісайдағы арық-атыздар мен коллекторлардың жағдайына талдау жасалды