АСТАНАДА «ОТЫРАР – ТҮРКІСТАН» ТАРИХЫН ТАНЫТАТЫН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КӨРМЕ АШЫЛДЫ

Астана төрінде ортағасырлық өркениеттің өрісін, Отырар мен Түркістан өңірінің бай тарихи мұрасын танытатын «Отырар – Түркістан: ортағасырлық ирригация және егіншілік мәдениеті» атты республикалық бірлескен көрме ашылды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өткен көрменің ашылу салтанатына ғалымдар, мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жастар қатысты.

Ауқымды мәдени-танымдық жобаны «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы және Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараны ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Ақмарал Ибраева ашып, көрменің тарихи-танымдық маңызына тоқталды.

Салтанатты шараға «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Айбек Жандосов және музей ардагері Рахия Жүзбаева қатысып, Отырар мен Түркістан өңіріндегі егіншілік пен суармалы шаруашылықтың тарихи рөлі жөнінде ой бөлісті.

Көрме – өткеннің өнегесін бүгінге жеткізетін тағылымды алаң. Экспозицияға археологиялық зерттеулер барысында табылған су арналары, арықтар мен каналдарға қатысты жәдігерлер, егіншілік құралдары, астық өңдеуге арналған бұйымдар және өзге де құнды тарихи мұралар қойылған.

Көрмеге келушілер ұсынылған жәдігерлер арқылы ортағасырлық тұрғындардың шаруашылық жүргізу тәсілдерімен, суды тиімді пайдалану тәжірибесімен және өңірдің мәдени-экономикалық даму ерекшеліктерімен таныса алады. Сонымен қатар экспозиция ата-бабаларымыздың табиғи ресурстарды игерудегі білімі мен тәжірибесін, егіншілік мәдениетінің қалыптасу тарихын тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Тарихи мұраны ұлықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған көрме 9 қарашаға дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде жалғасады.

Баршаңызды тағылымы мол көрмені тамашалап, Отырар мен Түркістанның бай тарихи мұрасымен танысуға шақырамыз!

Ұқсас жаңалықтар

Қазақ-өзбек шекарасында жанармай тасымалдаған жасырын тоннель жойылды

Арыс қаласында мемлекеттік қызмет алушылар күні өтті

berdaly_oraz

Арыс қаласында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесі қаралды