АҚШ президенті Дональд Трамп әлем елдерін ядролық қаруды жоюға үндеді. Оның айтуынша, мұндай қару тым қауіпті және бақылаусыз қалса, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Трамп бұл пікірін Франция президенті Эммануэль Макронның Еуропа елдеріне ядролық қорғаныс жүйесін ұсыну туралы мәлімдемесіне жауап ретінде білдірді.
«Егер барлық мемлекеттер ядролық қарудан бас тартса, бұл әлем үшін үлкен жетістік болар еді. АҚШ пен Ресейде мұндай қарудың көлемі өте көп, ал бірнеше жыл ішінде Қытай да осы деңгейге жетуі мүмкін. Сондықтан біз бұл мәселені қазірден шешуіміз керек», – деді ол.
Трамп өзінің алғашқы президенттік мерзімінде денуклеаризация бағдарламасын жүзеге асыруға тырысқанын атап өтті. Оның айтуынша, Ресеймен келіссөздер барысында белгілі бір нәтижеге қол жеткізілген, сондай-ақ бұл тақырып Қытай басшысы Си Цзиньпинмен де талқыланған.
Алайда, 2020 жылы билікке Джо Байден келгеннен кейін бұл процесс тоқтады. «Қазір біз осы мәселеге қайта оралуға мәжбүрміз. Мен келіссөздерді жалғастыруға дайынмын», – деді Трамп.
Қазіргі таңда ядролық қаруға ие мемлекеттер қатарында АҚШ, Ресей, Қытай, Франция, Ұлыбритания, Үндістан, Пәкістан, Солтүстік Корея және Израиль бар.