«СӘЛЕМ – СӨЗДІҢ АНАСЫ»: ҚАРАПАЙЫМ ӘДЕП ПЕН ҚОҒАМДЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ МАҢЫЗЫ

Адамдар арасындағы сыйластық кейде бір ауыз сәлемнен басталады. Ортақ тақырып іздеп, ұзақ әңгіме құру міндетті емес. Ең бастысы – қарсы алдыңдағы адамға құрмет танытып, қарым-қатынасты ізетпен бастау. Халқымыздың «Сәлем – сөздің анасы» деген нақылы да осыны меңзейді.

Сәлемдесу – жай ғана амандық сұрасу емес, ол адамның тәрбиесін, мәдениетін және өзгеге деген қарым-қатынасын танытатын маңызды әдеп өлшемі. Қазақ халқы ежелден үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіруді адамгершіліктің негізі санаған. Жасы кіші адамның бірінші болып сәлем беруі, үлкеннің батасын алуы, таныс-жақынның хал-жағдайын сұрауы – ұлттық болмысымызға тән жарасымды дәстүр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қоғамдық әдеп пен жүріс-тұрыс мәдениетіне қатысты пікір білдіріп, амандасу әдебіне назар аударған болатын. Президент ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуын, сондай-ақ әйелдер мен ерлердің бетінен сүю арқылы сәлемдесуін ұлттық дәстүрге сай емес деп бағалаған еді. Бұл пікір қоғамда амандасу мәдениеті мен ұлттық әдеп нормалары туралы ой қозғауға негіз болды.

Шын мәнінде, сәлемдесудің де өз орны, өз шегі бар. Қазақы ортада амандасу адамның жасына, туыстық жақындығына, қызметтік қарым-қатынасына және кездескен ортасына қарай қалыптасқан. «Ассалаумағалейкүм», «Сәлеметсіз бе?», «Армысыз?» деген сөздердің әрқайсысы амандық білдірудің өзіндік үлгісі саналады. Олардың бәріне ортақ қасиет – ізет пен құрмет.

Алайда бүгінгі қоғамда осы қарапайым әдептің маңызы кейде екінші орынға ығысып бара жатқандай. Көшеде танысын көрсе де, телефоннан бас алмайтындар, жұмыс орнында амандаспай өте шығатындар, қоғамдық ортада айналасына назар аудармайтындар кездеседі. Әрине, адамның асығыстығы мен көңіл күйін ескерген жөн. Дегенмен күнделікті тіршіліктің қарбаласы адамгершілік қарым-қатынасты ұмыттыруға себеп болмауы керек.

Сәлемдесу мәдениеті тек бетпе-бет кездесумен шектелмейді. Телефон арқылы сөйлескенде, электронды хат жолдағанда немесе мессенджерде хабарласқанда да әдеп сақтау маңызды. Әңгімені амандықтан бастап, өтінішті сыпайы жеткізу – өзара түсіністікті нығайтатын қарапайым дағды. Өйткені адамның сөзі ғана емес, сөйлесу мәнері де оның мәдениетін аңғартады.

Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде сәлемдесу адамдар арасындағы сыйластықты қалыптастырып, жас ерекшелігін, туыстық байланысты және қоғамдық қарым-қатынас нормаларын реттеуге ықпал еткен. «Сәлемі дұрыстың – әдебі дұрыс» деген түсінік те осыдан туындайды.

Ұлттық құндылықты сақтау тек салт-дәстүр туралы айтумен өлшенбейді. Ол күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден көрінеді. Үлкенге ізет білдіру, танысқа жылы жүзбен сәлем беру, айналадағы адамға назар аудару – қоғамдағы мәдениеттің ажырамас бөлігі.

Сәлемдесу – міндет үшін орындалатын рәсім емес, адамға деген құрметтің көрінісі. Бір ауыз жылы сөз кейде арадағы үнсіздікті бұзып, түсіністікке жол ашады. Сондықтан сәлем беруді ұсақ әдет деп емес, ұлттық тәрбиенің жалғасы әрі қоғамдық мәдениеттің маңызды белгісі деп қабылдаған жөн.

Ұқсас жаңалықтар

Қытай сапары аясында Түркістан облысында сарымсақты терең өңдеу ісін бастау бойынша келіссөз жүргізілді

Түркістан облысында өндіріс кезінде болатын жазатайым оқиғалар 13 пайызға азайған

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Түркістан облысына іссапармен келді

Альфия Адамбек