ЖАС ОҚЫРМАНДАР ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯМЕН ТАЛАНТЫН ТАНЫТТЫ

Кітапқа құштарлық пен заманауи технологияны ұштастырған жас таланттар облыстық байқауда өз қабілеттерін танытты.

Арыс қаласында балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, шығармашылық ізденісін қолдауға бағытталған «Ақылдыммен ақылдымын» облыстық байқауының іріктеу кезеңі өтті.

«Ақылдым» республикалық балалар журналы мен Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен ұйымдастырылған байқау балалардың кітап пен баспасөзге деген ықыласын арттыруды, шығармашылық қабілетін дамытуды және заманауи технологияларды тиімді пайдалануға үйретуді мақсат етті.

Сайыс барысында қатысушылар төрт кезең бойынша білімдері мен өнерлерін ортаға салды. Әсіресе, жасанды интеллектке арналған кезеңде балалар жаңа технологиялардың көмегімен әзірлеген жұмыстарын таныстырып, тың идеялары мен ізденімпаздықтарын көрсетті. Бұл жас оқырмандардың дәстүрлі кітап оқу мәдениетін жаңа технологиялармен ұштастыруға деген қызығушылығын аңғартты.

Іс-шара соңында «Қызмет» газетінің және «Ақылдым» журналының директоры Бейсенкүл Нарымбетова, «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы балалар бөлімінің сектор меңгерушісі Балнұр Жетпісбай және Арыс қаласының Абай атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айжан Әділбекова қатысушыларға ақ тілектерін білдірді.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Қызылкөпір ауылдық кітапханасының оқырманы Әбутәліп Інжумаржанға бұйырды. Бірінші орынды Монтайтас ауылдық кітапханасының оқырманы Иманәлі Кәусар иеленсе, екінші орын Байырқұм ауылдық кітапханасының оқырманы Ескермес Гүлданаға берілді.

Үшінші орынға Қожатоғай ауылдық кітапханасының оқырманы Орынбай Нұрислам, Көкжиде ауылдық кітапханасының оқырманы Қалдыбек Амина және Теміржолшы ауылдық кітапханасының оқырманы Әбсадық Нағима лайық деп танылды.

Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар дипломдармен, алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Кітап оқитын ұрпақ – ойлайтын ұрпақ. Осындай танымдық байқаулар балалардың білімге құштарлығын арттырып қана қоймай, олардың жаңа технологияларды саналы меңгеруіне, ізденуіне және тың идеяларын жүзеге асыруына жол ашады.

Ұқсас жаңалықтар

Арыс қаласының тумасы Ордабек Анеля — Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды

berdaly_oraz

БІРЛІК КҮНІ – БОС РӘСІМ ЕМЕС, ҚОҒАМДЫҚ РУХТЫҢ КӨРІНІСІ БОЛУЫ ТИІС

ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА 44 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ 21 ӨНДІРІС ЖОБАСЫ ІСКЕ АСАДЫ

berdaly_oraz