Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен өзекті мәселелерін тыңдады. Қабылдау 5,5 сағатқа созылып, 40-тан астам азаматтың мәселесі қаралды.
Жеке қабылдауға келген тұрғындар инфрақұрылым, тұрғын үй және әлеуметтік қолдау бағыттарындағы түйткілдерді көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Облыс басшысы әрбір өтінішке мұқият назар аударып, азаматтардың талап-тілектерін тыңдады.
Кездесу барысында бірқатар мәселе бойынша нақты шешімдер қабылданса, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер жауапты басқармалар мен сала басшыларына жолданды. Облыс әкімі тиісті тұлғаларға тапсырмалар беріп, олардың орындалуын бақылауға алуды міндеттеді.
Нұралхан Көшеров тұрғындар көтерген мәселелердің назардан тыс қалмауы керектігін атап өтіп, әрбір өтініштің заң аясында қаралып, тиісті шешімін табуы маңызды екенін жеткізді.
Қабылдаудың ұзаққа созылуы тұрғындардың мәселелерін жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді. Қас қарайғанша жалғасқан кездесуде азаматтардың барлығының өтініштері тыңдалып, оларды шешу жолдары қарастырылды.
Тұрғындармен ашық диалог орнату, өтініштерге жедел әрекет ету және көтерілген мәселелердің орындалуын бақылау – облыс басшылығының жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі. Мұндай қабылдаулар халықтың талап-тілегін тікелей тыңдап, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді шешуге жол ашады.
