Арыс қаласында «Оқитын ұлт» жобасы аясында тағылымды әдеби кездесу өтіп, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі талқыланды.
Қалалық ардагерлер үйінде Абай атындағы Арыс қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткен басқосуға ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Кездесудің басты мақсаты – ұлттық әдебиетті насихаттау, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру.
Әдеби талқылау барысында «Ұшқан ұя» шығармасындағы ұлттық тәрбие, отбасылық құндылықтар, ата-ана өнегесі мен ұрпақ сабақтастығы кеңінен сөз болды. Қатысушылар туындының тәрбиелік мәніне тоқталып, онда бейнеленген қазақы болмыс пен салт-дәстүрдің бүгінгі қоғам үшін де маңызын атап өтті.
Қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісаттар Жүніс шығарманың бала тәрбиесіндегі орнына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, туындыда әке мен бала арасындағы қарым-қатынас, отбасындағы тәлім-тәрбие және адамгершілік қасиеттер терең суреттелген. Шығарма жас ұрпақты үлкенді сыйлауға, ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге, отбасы тәрбиесінің қадірін түсінуге үндейді.
Кездесу кезінде қатысушылар кітаптан алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Бірі әже тәрбиесі мен ата өсиетінің маңызын тілге тиек етсе, енді бірі Бауыржан Момышұлының балалық шағы арқылы өрілген ұлттық тәлім-тәрбиенің бүгінгі ұрпақ үшін де құнды екенін жеткізді.
«Ұшқан ұя» – бір отбасының тарихын ғана емес, тұтас қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-санасы мен тәрбиелік дәстүрін танытатын тағылымды туынды. Сондықтан мұндай әдеби кездесулердің жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырудағы орны ерекше.
Кітапты ұлықтап, тағылымды шығармаларды бірге талқылауға бағытталған «Оқитын ұлт» жобасы аясындағы басқосу оқырмандарға рухани ой салған мазмұнды шара болды.
