17 үздік оқырман бақ сынаған байқауда Іңкәр Исахан жүлделі орын алып, 50 мың теңге сыйақы иеленді.
Кітап оқуға құштарлық пен білімге деген ынта жас ұрпақтың рухани дамуына жол ашады. Мұны облыстық байқауда жүлдегер атанған арыстық жас оқырман Іңкәр Исаханның жетістігі де айқын көрсетіп отыр.
Арыс қалалық орталықтандырылған Абай атындағы кітапханалар жүйесіне қарасты Монтайтас ауылдық балалар кітапханасының тұрақты оқырманы Іңкәр Исахан «Алтынсарин тағылымы – тәрбиенің темірқазығы» атты облыстық байқауда III орын иеленді.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен өткен байқауға өңір кітапханаларының 17 үздік оқырманы қатысты. Жас қатысушылар ұлы ағартушының өмірі мен шығармашылығына қатысты білімдерін ортаға салып, әдебиетке деген қызығушылықтары мен шығармашылық қабілеттерін танытты.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар Ыбырай Алтынсариннің шығармаларын мәнерлеп оқып қана қоймай, олардың мазмұны мен көркемдік ерекшеліктерін жеткізуге тырысты. Сайыс барысында жас оқырмандардың әдеби білімдері, оқу шеберлігі мен ойды жеткізу қабілеттері сынға түсті.
Нәтижесінде Іңкәр Исахан жүлделі III орынға ие болып, 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Кітап – баланың таным көкжиегін кеңейтетін, ойлау қабілетін дамытып, рухани дүниесін байытатын құнды қазына. Сондықтан жас оқырмандарды қолдап, әдеби байқауларға тарту – ұлт болашағына салынған инвестиция. Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық мұрасын дәріптейтін мұндай шаралар өскелең ұрпақтың білімге құштарлығын арттырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Арыстық жас оқырманның жетістігі құтты болсын! Іңкәрдің кітапқа деген қызығушылығы артып, білім жолында жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз.
