Түркістан облысында жыл басынан бері қылмыстылық деңгейі 10 пайызға төмендеді. Сонымен қатар прокуратура органдарының қадағалау шаралары нәтижесінде бюджетке 1,5 млрд теңге және құны 1,6 млрд теңге болатын мүлік мемлекетке қайтарылды.
Облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеровтің төрағалығымен ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстардың қорытындысына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Жиында өңірдегі заңдылықтың сақталуы, қылмыстылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытындағы жұмыстардың нәтижелері талқыланды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыста жалпы қылмыстылық деңгейі 10 пайызға азайған. Атап айтқанда, ауыр қылмыстар 4 пайызға, ауырлығы орташа қылмыстар 22 пайызға, онша ауыр емес қылмыстар 9 пайызға, ал қылмыстық теріс қылықтар 10 пайызға төмендеген.
Қоғамдық мүдделерді қорғау бағытында да бірқатар жұмыс атқарылды. Есепті кезеңде 126 тексеру мен 658 талдау жүргізіліп, 976 прокурорлық акт енгізілген. Нәтижесінде 347 мың азаматтың, оның ішінде 122 мың жасөспірімнің құқықтары қорғалды. Сондай-ақ мемлекет бюджетіне 1,5 млрд теңге түсіп, құны 1,6 млрд теңге болатын мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.
Алқа отырысында облыс прокуроры азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заңдылықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға ерекше назар аударылды.
Жиын қорытындысы бойынша алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды. Прокуратура қызметкерлеріне қадағалау жұмыстарының сапасын арттыру, басым бағыттар бойынша жұмысты жандандыру және кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстану жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
