ҮМІТКЕРДІҢ ҒҰМЫРНАМАСЫ
Ауелбеков Абзал Тұрсымбекұлы 1988 жылғы 6 қыркүйек күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген.
Білім жолын Арыс қаласындағы Ә. Жанкелдин атындағы №32 жалпы білім беретін мектептен бастап, аталған білім ордасының 9-сыныбын аяқтаған. 2004 жылы «Арыс теміржол колледжіне» оқуға түсіп, оны тәмамдаған. 2008 жылы Алматы қаласындағы «Қазақ қатынас жолдары» университетін бітірген.
Еңбек жолы «Алматы-1» теміржолында оператор болып басталған. 2012 жылдан бастап кәсіпкерлік саласына бет бұрып, жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастады. 2013 жылы шет мемлекеттерден автокөлік тасымалдау бизнесін қолға алды. Кейін өндіріс және инвестиция салаларында жұмысын кеңейтіп, бірқатар кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асырды.
Атап айтқанда, «Кекс-Круг» компаниясына инвестиция салды. Шымкент қаласында «888» қоғамдық моншасын ашты. Сонымен қатар, «Мега-Травитин» құрылыс материалдарын өңдеу өндірісін іске қосты. Бұдан бөлек, «SAQ» желдету жүйелерін өндіретін кәсіпорынды пайдалануға беріп, бірнеше компаниямен бірлесіп, өндірістік бағыттағы жұмыстарды жүргізіп келеді.
Қазіргі таңда «Мега-Травитин» өндірісінің, «888» қоғамдық моншасының және «SAQ» желдету жүйелері өндірісінің директоры қызметін атқарады.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Ауылдың дамуы – халықтың әл-ауқатының артуы!
Менің басты мақсатым – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және халықтың өзекті мәселелерінің шешілуіне ықпал ету.
Осы мақсатта Дермене, Теміржолшы, 40-разъезд және «Лесхоз» елді мекендерінің дамуына басымдық бере отырып, төмендегі бағыттар бойынша жұмыс жүргізуді көздеймін.
1. Инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру
Дермене, Теміржолшы, 40-разъезд және Лесхоз елді мекендерін табиғи газбен қамту жұмыстарын кезең-кезеңімен жалғастыруға ықпал ету, ауылдардағы электр желілерін жаңғырту, ескі ағаш бағаналарды заманауи бетон бағаналарға ауыстыру және электр қуатының тұрақты берілуін қамтамасыз ету мәселесін көтеру;
Ауылішілік және ауылдарды байланыстыратын автомобиль жолдарын жөндеу, көшелерді жарықтандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге атсалысу, ауызсу, кәріз және өзге де коммуналдық инфрақұрылым мәселелерінің шешілуіне ықпал ету, ауыл көшелері мен қоғамдық орындарды абаттандыру, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру.
2. Кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу
Ауыл тұрғындарының жеке кәсіп ашуына, шағын және орта бизнесті дамытуына қолайлы жағдай жасау мәселесін көтеру, жастар мен жұмыссыз азаматтарды кәсіпкерлікке баулу, мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен шағын кәсіп иелеріне қолдау көрсету.
3. Білім беру, медицина және әлеуметтік саланы жетілдіру
Ауыл мектептері мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесін көтеру, ауылдық медициналық мекемелердің сапалы қызмет көрсетуіне және алғашқы медициналық-санитарлық көмек қолжетімділігін арттыруға ықпал ету, мәдениет үйлері мен спорт нысандарын дамыту, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау, әлеуметтік нысандарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету және цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру.
4. Жастарды қолдау және білікті мамандар тарту
Ауылға білім беру, медицина, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы салалары бойынша жас мамандарды тарту мәселесін көтеру, жастардың сапалы білім алуына, тұрақты жұмысқа орналасуына және жеке кәсіп бастауына қолдау көрсету.
5. Халықпен ашық байланыс және тұрғындар мүддесін қорғау
Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тұрақты назарда ұстап, өзекті мәселелерді тиісті мекемелер алдында көтеру, әрбір елді мекеннің қажеттілігіне қарай мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жолдарын ұсыну, халықпен тұрақты кездесулер өткізіп, атқарылған жұмыстар туралы ашық есеп беру.
Жарияланым ақысы №9 сайлау округі бойынша Арыс қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Ауелбеков Абзалдың бюджеттік сайлау қорынан төленді.
