Түркістанда жас полицейлер салтанатты түрде ант қабылдады

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні қарсаңында Түркістан облысында маңызды шара өтті. Жеңіс саябағында Түркістан облыстық полиция департаментінің жас қызметкерлері салтанатты түрде ант қабылдап, тәртіп сақшысы ретінде алғашқы қадамдарын бастады.

Салтанатты рәсімге Түркістан облысы ПД бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, полицияның жеке құрамы мен жас тәртіп сақшылары қатысты. Сахна төріне көтерілген жас мамандар Қазақстан Республикасының заңдары мен азаматтардың тыныштығын қорғауға серт берді.

Полиция департаментінің бастығы жас тәртіп сақшыларын кәсіби жолдағы алғашқы маңызды сәтімен құттықтап, оларды Отанға адал болуға және халыққа қызмет етуге шақырды:

«Бүгіннен бастап полиция қатарына қосылдыңдар. Енді сендер тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет етіп, анттарыңа адал болуларың керек. Жас маман ретінде сендерді жұмысқа жаңаша леп әкеліп, өнімді еңбек етеді деп сенеміз. Сондықтан сенімді ақтап, жауапкершілікті жіті сезініңдер», — деді Мұрат Қабденов.

Салтанатты рәсім – бұл жас полицейлер үшін патриоттық рухты көтеріп, адалдық пен жауапкершілікті сезіндіретін ерекше сәт. Ант қабылдау тек формалдылық емес, ол – ел мен халық алдындағы мәңгілік міндет пен сенім.

Түркістанда өткен бұл шара жас ұрпақтың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, құқық қорғау саласына жаңаша серпін береді деген сенім бар. Ел қорғандарына артылған сенім ақталып, Отанға адал қызмет ететін тәртіп сақшылары көбейе бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте 144 отбасы жаңа арендалық баспанаға ие болды

berdaly_oraz

Мәжіліс депутаттары агроөнім экспортын арттыру жолдарын талқылады

berdaly_oraz

Мәжілісте электр энергиясы нарығын реформалау қорытындылары талқыланды

Пікір жазу