Шағыр ауылының тұрғындары сусыз отыр: ЖШС «Ақаба-Сервис» пен әкімдік немқұрайлы ма?


Арыс ауданы Монтайтас ауылдық округіндегі Шағыр ауылының тұрғындары бірнеше күн бойы ауыз суға зар болып отырғандыған айтып дабыл қағуда. Қарапайым халықтың негізгі қажеттілігі бірі ауыз су,сол ауыз суды ауыл халқына қамтамасыз етуге  жауапты мекеме «Ақаба-Сервис» ЖШС басшылығы мен жергілікті әкімдік назарынан тыс қалып отырғаны ма?! Бұл туралы Arysinfo.kz тілшісі жазады.

Ауыл тұрғындары ЖШС «Ақаба-Сервис» басшысымен халық арасында ашық кездесу өткізуді талап етеді. Олардың айтуынша, жеке меншік иелері халықпен санаспай, өз беттерінше шешім қабылдап, ауыл тұрғындарының күнкөрісін ескерместен әрекет етуде.

«Баяғы ащы су мен тәтті суымыз қайда кетті? Ауылдан шығатын ащы суды бітеп тастаған ба? Ол малға да ішетін су еді», — дейді тұрғындар.

Тағы бір тұрғын жарық мәселесін де қозғады:
«Жарықтың да сылтауы қосылады ғой су ақпағанына. Себепсіз өшетін жарық та бар», — деп шағымданды ол. Бұл сөздерден ауылда инфрақұрылымдық мәселелердің бір ғана сумен шектелмей, электрмен қамтуда да жүйесіздік бар екенін аңғаруға болады.

Сонымен қатар, ауыл әкімінің үнсіздігі мен әрекетсіздігіне қатысты да наразылықтар күшейіп келеді.
«Не масқара, бұлай жалғаса берсе ауылда адам қалмайды. Адам кетсе, мектептегі бала саны азаяды, мұғалімдердің сағаты қысқарады, жұмыс азаяды. Сонда келешегіміз не болады?» — дейді ауыл тұрғындарының бірі.

Әкімдік қызметкерінің айтуынша, бұл мәселе бойынша ЖШС «Ақаба-Сервис»-ке мән-жай жеткізілген. Алайда, нақты шешім қабылданбаған, ал ауыл халқының күтуге шыдамы таусылған.

Бұл жағдай Шағырдағы инфрақұрылым проблемаларының тек бір ұшы ғана. Су мен жарық сынды ең негізгі қажеттіліктердің үзілуі — мемлекеттік бақылаудың әлсіздігін, жеке мекемелердің жауапсыздығын және жергілікті биліктің әрекетсіздігін көрсетіп отырғандай.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында 400 мыңнан аса ағаш егілді

berdaly_oraz

Арыста кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды

berdaly_oraz

Арыстықтар өнер додасында оза шапты

berdaly_oraz

Пікір жазу