Арыс қаласында «KUSH FEST» облыстық спартакиадасы өтті

Арыс қаласында «KUSH FEST» облыстық спартакиадасы өтті,-деп хабарлайды Арысинфо.кз.

12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Түркістан облысының жастары Арыс қаласында бас қосып, «KUSH FEST» атты спорттық фестиваль-спартакиадаға қатысты. Шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Арыс қаласы әкімдігі ұйымдастырды.

Фестивальдің басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, достық пен бірлікті нығайту және ұжымдық рухты көтеру болды. Ашылу салтанатында облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Ернар Нұралыұлы мен Арыс қаласы әкімінің орынбасары Алмаз Советұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.

Күні бойы жалғасқан жарыста жастар түрлі спорт түрлерінен бақ сынады. Олар футбол алаңында шеберліктерін көрсетіп, үстел теннисінде жылдамдығы мен икемділігін байқатты. Сонымен бірге қол күресі, арқан тартыс пен кір тасын көтеру сынды дәстүрлі спорт түрлері де тартысты өтті. Әрбір сайыс қызу бәсекеге толы болып, қатысушылардың ептілігін, күш-жігерін және ұжымдық бірлігін көрсетті.

Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен командалар марапатталды. Сарыағаш пен Ордабасы аудандарынан құралған команда топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Қазығұрт ауданына бұйырса, үшінші орынға Бәйдібек ауданының жастары лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың достық байланысын күшейтіп, жаңа таныстықтар орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, спорт алаңдарындағы тартысты бәсекелер жас мамандардың жұмыс қарқынына серпін беріп, ұжымдық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Жастар күніне арналған «KUSH FEST» облыстық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Соңғы жылдары өңірде жастар саясатын дамытуға, олардың бос уақытын тиімді өткізуге, спорт пен мәдени шараларға тартуға бағытталған жобалар жүйелі түрде қолға алынып келеді. Облыстық жастар орталығы алдағы уақытта да осындай спорттық бастамаларды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Көңілді әрі тартысты өткен бұл спартакиада жас буынға салауатты өмір салтын дәріптеудің тағы бір айқын көрінісі болды.

Ұқсас жаңалықтар

Арыс қаласында өңірдің даму мәселелері талқыланды

berdaly_oraz

Түркістан облысында қауіпті қылмыскер ұсталды

Шағыр-Монтайтас темір жол өткелі уақытша жабылады

berdaly_oraz