Түркістан: Сауран ауданында ауызсу тапшылығын шешу үшін кешенді қадамдар жасалуда

Түркістан облысында жаз айларында жиі көтерілетін маңызды мәселенің бірі – ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету. Әсіресе Сауран ауданында халық санының өсуі мен климаттық жағдайларға байланысты су тұтыну көлемі артып отыр. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы іссапармен ауданға барып, бірқатар елді мекендердің жағдайын зерделеді.

Сапар барысында ол бірнеше ауылдың су нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Жергілікті тұрғындар ауызсудың жетіспеушілігіне байланысты кей кездері су кестемен берілетінін айтқан. Бұл мәселені шешу үшін жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берілді. Енді кезең-кезеңімен жүзеге асатын кешенді шаралар арқылы аудан халқын тәулік бойы сапалы ауызсумен қамту жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда Ескі Иқан ауылдық округіне қарасты Ескі Иқан елді мекенінде жаңа магистральді су құбыры тартылуда. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталып, ауыл тұрғындары жаңа жүйеге қосылады. Ал Мәшһүр Жүсіп пен Ескі Сауран елді мекендерінде су тапшылығын жою үшін қосымша ұңғымалар қазу қолға алынбақ.

Сондай-ақ Жүйнек ауылында су қоймасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл резервуар ауыл халқын үздіксіз ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «30 жылдық» елді мекенінде 337 абонентке арналған жаңа водозабор мен ішкі су желілерін салу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.

Зұлпыхар Жолдасов ауданға сапары кезінде құрылыс барысын тексеріп қана қоймай, мердігерлер мен жауапты сала өкілдеріне нақты міндеттер жүктеді. Ол халықтың күнделікті тұрмысында ең басты қажеттіліктің бірі — таза ауызсу екенін айтып, бұл мәселені шешу жергілікті биліктің басты басымдығы екенін ерекше атап өтті.

Айта кетерлігі, соңғы жылдары Түркістан облысында ауызсу жүйелерін жаңарту бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірде жаңа құбырлар тартылып, су қоймалары салынып, ескі жүйелер кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Бұл қадамдар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, ауылдағы өмірді жақсартуға септігін тигізуде.

Сауран ауданындағы жобалардың толық іске асуы нәтижесінде бірнеше ауылда ауызсу тапшылығы түбегейлі шешіліп, мыңдаған тұрғынның тұрмысына қолайлы жағдай жасалмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкенттік оқушылар халықаралық байқауда жүлдегер атанды

berdaly_oraz

ҚАЛА ӘКІМІ ҚАЙСАР МАҢҚАРАЕВ ДЕРМЕНЕ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

berdaly_oraz

Түркістан облысында конго-қырым геморагиялық қызбасы ауруына қарсы жұмыстар жүргізілуде