Түркістан облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің сапасын арттыру мақсатында 60 жаңа санитарлық автокөлік сатып алынып, медициналық мекемелерге тапсырылды. Жаңа техникаға 4,2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Заманауи жабдықтармен қамтылған көліктер өңірдің барлық аудан-қалаларына бөлінді. Олар ересектерге де, бір жастан асқан балаларға да шұғыл көмек көрсетуге арналған құралдармен жабдықталған. Әрбір автокөлікте өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор, жүрек-өкпе реанимациясы жиынтығы және электрокардиограф орнатылған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров көліктерді табыстау рәсімінде бұл бастама Мемлекет басшысының «Әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығы – мемлекет үшін ең қымбат құндылық» деген ұстанымына негізделгенін айтты.
– Халықтың денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы. Бұл көліктер дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырады, – деді әкім.
Соңғы жылдары облыста денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Түркістан қаласында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Ол іске қосылған соң 1200-ден астам медицина қызметкері жұмысқа қабылданады. Бұдан бөлек, Абу-Даби қорының қолдауымен 80 орындық перзентхана салынып жатыр. 60 орындық оңалту орталығы пайдалануға берілмек. Сондай-ақ Сарыағашта – 300 орындық аурухана, Ордабасыда – 200 орындық перинаталдық орталық салу жоспарда бар.
Ордабасы, Жетісай, Сарыағаш аудандарындағы ауруханалар 4,1 млрд теңгеге жөнделсе, Сайрам аудандық ауруханасында 3,1 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүріп жатыр. Алдағы уақытта ауданаралық ауруханалар МРТ, КТ және ангиограф сынды басқа ауыр техникамен жабдықталады.
Жедел жәрдемге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Егер 2023 жылдың 8 айында 512 мың шақырту тіркелсе, 2024 жылдың осы кезеңінде 635 мыңға жеткен. Бұл – 123 мыңға көп. Осыған байланысты өңірде былтыр да 88 санитарлық автокөлік пен екі нәрестелерге арналған реанимобиль сатып алынған болатын.
Жаңа көліктердің артуы шалғай ауылдардағы шұғыл медициналық көмек қолжетімділігін айтарлықтай жақсартып, дәрігерлердің жедел әрекет ету уақытын қысқартпақ.
