Елордадағы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде көктемгі шақырылыммен келген 750 жас сарбаз әскери ант қабылдап, Қазақстан халқына және Отанға адал қызмет етуге серт берді. Салтанатты рәсімге сарбаздардың ата-аналары, жақындары, ардагерлер мен құрметті қонақтар қатысып, жас жауынгерлерге ақ жол тіледі.
Ант қабылдаған сарбаздар еліміздің барлық өңірлерінен шақырылған. Олар алғашқы әскери дайындықтан өтіп, әскери жарғыларды меңгеріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы қызметке машықтанды. Биылғы рәсімнің ерекшелігі – мерзімді әскери қызметшілермен қатар келісімшарт негізінде қызметке кіріскен төрт әскери қызметші де әскери ант қабылдады.
Әскери ант – әрбір жауынгердің өміріндегі маңызды белес. Бұл рәсім жас сарбаздардың ел қауіпсіздігін қорғауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және әскери борышын абыроймен атқаруға дайын екенін айқындайтын ерекше сәт болды.
