Ақтөбе қаласында кенеттен соққан қатты дауыл салдарынан ондаған ағаш құлап, бірқатар нысанға залал келді. Табиғаттың тосын мінезі тұрғындарды әбігерге салып, коммуналдық қызметтердің күшейтілген режимде жұмыс істеуіне себеп болды.
Мамандардың мәліметінше, Астана ауданы аумағында ғана 80-ге жуық ірі ағаш тамырымен қопарылып, жолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын жауып қалған. Кей жерлерде ғимараттардың шатырлары ұшып, көліктер аударылған. Сондай-ақ көшелердегі сәндік нысандар да қатты желге төтеп бере алмаған.
Қазіргі уақытта қала бойынша апат салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Коммуналдық қызметтердің екі арнайы бригадасы тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, санитарлық тазалыққа жауапты тоғыз мердігер мекеме құлаған ағаштар мен бұталарды кесіп, жел ұшырған қоқыстарды тазалауға жұмылдырылған.
Ауа райының қолайсыздығы Ақтөбе қаласымен шектелмеді. Қалаға қарасты Ақшат және Шилісай ауылдарында жұмыртқадай ірі бұршақ жауып, тұрғындарды таңғалдырды.
Синоптиктер алдағы күндері өңірде жауын-шашын мен қатты желдің сақталуы мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
