Мемлекеттік көмек шын мұқтаж азаматтарға ғана берілуге тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдау жүйесін реформалау кезінде азаматтардың жағдайын ескеріп, асығыс шешім қабылдамау қажеттігін атап өтті.
Президенттің айтуынша, әлеуметтік көмек мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтуда. Сондықтан реформаны жан-жақты саралап, байыппен жүргізу маңызды.
«Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды», – деді Мемлекет басшысы.
Ол кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттелуге тиіс екенін айтты. Әсіресе, әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен ақпараттық жүйелердің жұмысын алдын ала тексеру қажет. Мұндай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана кең ауқымда қолдану ұсынылды.
Президент әлеуметтік мемлекеттің басты мақсаты азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.
Осыған байланысты адам капиталының сапасын жақсартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп отыр.
