ТҮРКІСТАНДА 200 МЛРД ТЕҢГЕЛІК МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРІ: ШИКІЗАТТАН ДАЙЫН ӨНІМГЕ ДЕЙІНГІ ӨНДІРІС ЖОЛҒА ҚОЙЫЛАДЫ

Түркістан облысында 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға бағытталған мақта-тоқыма кластері кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоба аясында мақта өсіруден бастап жіп иіру, мата тоқу және дайын тоқыма бұйымдарын шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптастыру көзделген. Нәтижесінде 4 150 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің маңызын атап өтіп, Түркістан облысында суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластері құрылып жатқанын айтты. Президент Үкіметке осындай озық тәжірибелерді кеңінен таратып, инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуді тапсырды.

Қытайлық Xinjiang Lihua (Group) компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жоба Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағын, Арыс қаласы мен Отырар ауданын қамтиды. Негізгі мақсат – мақтаны шикізат күйінде сатумен шектелмей, оны ел ішінде терең өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім өндіру.

Кластер аясында мақта өңдеу, жіп иіру, мата тоқу, бояу-әрлеу және тігін өндірістерін өзара байланыстыру көзделген.

Жобалық мәліметтерге сәйкес, өндірістік кешендерде 3 100 тұрақты және 1 050 маусымдық жұмыс орнын құру жоспарланған.

2024–2025 жылдары кластер аясында ПВХ құбырларын өндіру, жіп иіру, мақта өңдеу және тамшылатып суаруға арналған таспа шығару бағыттарында жобалар іске асырылды. «TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы иіру фабрикасының жобалық құны 22,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 16 мың тонна жіп өндіруге есептелген.

Отырар ауданындағы екі мақта өңдеу зауытының әрқайсысы жылына 90 мың тонна мақта өңдеуге қауқарлы. Ал тамшылатып суаруға арналған таспа өндіретін кәсіпорын 50 мың гектар алқапқа қажетті өнім шығаруға бағытталған.

Кластердің келесі кезеңінде мата тоқу, бояу-әрлеу және дайын тоқыма бұйымдарын шығару өндірістерін дамыту көзделген. Түркістан қаласындағы «Түркістан Текстиль» жобасы осы бағытты қамтиды. Өндірістік кешенде жіп иіру, мата тоқу, киім тігу және дайын өнім шығару жоспарланған.

Биылғы жылдың соңына дейін тігін фабрикасы, тоқыма фабрикасы, бояу-әрлеу өндірісі және мақта тұқымын өңдеу кәсіпорнын қоса алғанда, төрт өндірістік нысанды іске қосу көзделген. Жобалық қуат бойынша тігін фабрикасы жылына 4 млн үй тоқыма жиынтығын, ал тоқыма фабрикасы 47 млн метр мата өндіруге есептелген. Бояу-әрлеу кәсіпорны да жылына 47 млн метр матаны өңдеуге бағытталған.

Кластердің тағы бір маңызды бағыты – су ресурстарын тиімді пайдалану. Өңірдегі мақта шаруашылығы суармалы егіншілікке тәуелді болғандықтан, тамшылатып суару технологияларын енгізу, суару таспаларын өндіру және су жеткізу инфрақұрылымын дамыту көзделген. Бұл суды өсімдікке қажетті мөлшерде жеткізіп, суару үдерісін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Су үнемдеу технологияларының тиімділігі су шығыны, өнімділік және бір тонна мақта өндіруге жұмсалатын су көлемі сияқты нақты көрсеткіштер арқылы бағаланбақ.

Жобаның өңір экономикасына ықпалы да маңызды. Жаңа кәсіпорындар инженерлерге, технологтарға, механиктерге, жабдық операторларына, зертханашылар мен тігін мамандарына сұранысты арттырады. Сонымен бірге логистика, тасымал, қойма қызметі және жабдықтарды жөндеу салаларында қосымша мүмкіндіктер қалыптасады.

Мақта-тоқыма кластерінің басты ерекшелігі – өндірістің барлық кезеңін бір жүйеге біріктіру. Мақта өңдеу зауыттарынан шыққан шикізат иіру фабрикаларында жіпке айналып, одан әрі мата тоқу, бояу және тігін өндірістері арқылы дайын тауарға дейін жеткізіледі.

Бұл тәсіл шикізатты терең өңдеу үлесін арттырып, отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан тапсырмалары аясында Түркістан облысында агроөнеркәсіптік өндірісті жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу және өңдеу өнеркәсібін дамыту жұмыстары жалғасады.

Басты мақсат – мақтаны өсірумен ғана шектелмей, оны еліміздің өзінде терең өңдеп, бәсекеге қабілетті дайын өнім шығару. Түркістан облысындағы мақта-тоқыма кластері осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ 420 ЖҰМЫССЫЗ ТҰРҒЫН КӘСІПТІК ОҚУДАН ӨТІП ЖАТЫР

berdaly_oraz

Шымкентте терроризмді насихаттаған және діни алауыздықты қоздырған адамға үкім шықты

Монтайтастық келіншек Ақдала ауылдық Мәдениет үйінде өткен «Сырлы жеңге, сұлу қыз» байқауынан 1-орын иеленді

berdaly_oraz